«Қостанай облысы еліміздегі астықтың жалпы көлемінің 22 пайызын өндіреді. Сондықтан облысымыз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша «Пилоттық жоба» ретінде белгіленген болатын» - деді Архимед Мұхамбетов ОКҚ-да өткен брифинг барысында.
Аймақ басшысы журналистердің назарын «ақылды сүт фермасы» жобасына, ет фермаларына, нүктелі егін шаруашылығы жүйелеріне аударды.
«Ақылды ет фермасы» жобасы «Қостанай облысының ет кластері» жобасының операторы болып табылатын ірі және технологиялық жағынан дайындалған «Терра» ЖШС фермасының базасында жүзеге асырылуда. Жалпы саны шамамен 9 мың ірі қара мал басын құрайды. Қазіргі кезде шаруашылықта цифрландырудың келесі элементтері енгізілген: RFID (Ерефайди) құлақ биркілерін орнату, азықтандыруды бақылау жүйесі, тиімсіз жануарларды анықтап шығару, ұшқышсыз ұшу аппараты. Экономикалық тиімділігі - бір жылда 122 тонна қосымша ет алу және жемнің 10% үнемдеу болып отыр», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуына қарағанда, «Ақылды сүт фермасы» жобасы «Олжа Садчиковское» ЖШС 770 сауын сиыры табынына арналған мал шаруашылығы кешені базасында іске асырылуда.
«Осы жылдың сәуірінде ірі қара малдың физиологиялық жай-күйлері мен PH-ортасын, аналық мал басының уақтылы ұрықтандырылуын және оның өнімділігін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін «СМАКСТЕК» (Smaxtec) австриялық автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Аталған іс-шаралардың тиімділігін біз жыл қорытындысы бойынша бір сауын сиырынан сауылатын сүттің 6-дан 7 тоннаға дейін ұлғайғандығынан және 100 аналықтан төл алудың 70-тен 90-ға дейін өскенін көріп отырмыз», - деді ол.
Сондай-ақ, облыс аумағында «Нақты егін шаруашылығы жүйесін енгізу» жобасы екі «пилоттық» кәсіпорнында («Садчиковское» ЖШС және «Трояна» ЖШС) енгізілуде. Тәжірибелік алқаптар картограммасы жасалып, оларға егіс кезінде минералдық тыңайтқыштар сараланып енгізілген.
«Қосарлас жүргізу технологияларын енгізу жөніндегі техника паркі жаңғыртылды, жанар-жағармайды есепке алатын және техниканы орнынан ауыстыру есебін жүргізетін датчиктер орнатылды. Егін шығымдылығының, ылғалдылығының, дән бастырудың онлайн мониторингі жүйесі енгізіле отырып, егін жинау техникасы қайта жарақтандырылды. Сонымен бірге, қосымша, облыста жануарларды чиптеу және электрондық эпизоотиялық карталарын жасау технологиялары енгізілуде», - деп түйді Архимед Мұхамбетов.