Қаланың жол және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған баяндамада қалалық және қала маңы бағыттарындағы жолаушылар тасымалына бірыңғай тариф енгізу туралы қаулы жобасы әзірленгені айтылған.
Жоба қабылданса, жолаушылар автобус жүргізушісіне қолма-қол ақша беріп, жолақы төлей алмайды.
Оның орнына жолақыны мобильді қосымшалар, ұялы байланыс операторларының қызметтері, банк карталары мен көлік карталары арқылы төлеуге болады.
Мұндай жүйе Алматыда да қолданылады. Қостанайда жаңа тәртіпті енгізу жолаушылар санын есепке алуды жеңілдетіп, автобусқа отыру уақытын қысқартуға және жолақы төлеуді оңайлатуға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.
2026 жылғы 1 тамыздан бастап Қостанайдағы электронды жолақы төлеу жүйесінің операторы болып «SMS BUS» ЖШС белгіленді. Бұған дейін шығарылған ALEMPAY көлік карталары бұрынғыдай қолданыста қалып, оларды толықтыруға да болады.
Қостанайдың маршруттық желісіне 40 автобус бағыты кіреді. Оның 22-сі қалалық, 18-і қала маңы бағыттары. Бұл бағыттарға қызмет көрсету үшін 289 автобус қарастырылған. Алайда күн сайын желіге 190 автобус шығады.
Олардың 155-і жеті жылдан аз уақыт пайдаланылса, қалған 35 автобустың қолданыста жүргеніне жеті жылдан асқан. Автобус паркі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. 2027 жылы тасымалдаушылар Yutong маркалы тағы 19 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Әкімдік мәліметінше, 2021-2025 жылдары Қостанайдың қоғамдық көлігіндегі жолаушылар ағыны 9,5 миллион адамға немесе 30,5 пайыз артқан. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш былтырғы деңгейге жуық сақталған.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда балалар жолақысын жалпы тарифпен төлеуге мәжбүр болғанын жазған едік.