Мемлекеттік қызмет стандартының қазіргі нормасы бойынша, балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау үшін ата-аналар мен олардың заңды өкілдерінен құжаттардың 3 түрі ғана сұратылады. Олар: қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жарамды), ата-анасының бірінің немесе заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат, баланың туу туралы куәлігі.
Дегенмен, «Құпия сатып алушы» әдісімен жүргізілген зерттеулер Қостанай қаласының мектепке дейінгі ұйымдарына балаларды қабылдау кезінде артық құжаттар сұралғанын көрсетті.
«Қостанай қаласының балабақшалары ата-аналардан басқа да құжаттарды, атап айтқанда, ата-аналардан жеке басын куәландыратын құжат көшірмесін, баланың туу туралы куәлігінің көшірмелерін, 0-63 егу нысандарын талап еткен. Осылайша, «Құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау» мемлекеттік қызмет стандарты бұзылды. Департаменттің мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін бұзғаны туралы берген хаттарының қорытындылары бойынша Қостанай қаласында 4 балабақша директорлары міндеттерін атқарушылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олар: №5, 7, 14, 61 бөбекжайлары. Аталған ұйым өкілдеріне тәртіптік жазалар жарияланды», - деді департаменттің баспасөз хатшысы Аида Бажирова.
Алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу мақсатында департамент қызметкерлері мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларына арнайы хабарламалар жіберді.