Облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Ысқақовтың айтуынша, мұндай көрме өңірде тұңғыш рет ашылып отыр.
«Қостанай футболының тарихы «Тобыл» клубымен тығыз байланысты. Сондықтан аталмыш көрмені осы клубтың базасында ашып отырмыз. Мұндағы мақсат -қала тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе, балғын футболшыларға Қостанай спортының тарихын көрсету. Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында да тарихтан ажырамау туралы баса айтты. Сол себепті де, осы көрменің ашылуын рухани жаңғыруды іспен көрсетудің үлгісі дер едім», - дейді Б.Ысқақов.
Көрмеге алғаш келушілердің арасынан өңірге белгілі футбол маманы Евгений Сластниковты сөзге тарттық. Ол 20 жылдан астам уақыттан бері «Тобыл» футбол клубының жанкүйері.
«Бүгінгі көрме жұртшылықты Қостанай футболының тарихымен таныстырады. Мысалы, 2003 жылы УЕФА өткізген «Полония» - «Тобыл» кездесуінің хаттамасы сақталыпты. Осыдан бірер жыл бұрын атақты Франк Райкаардтың Қостанайға келгені біз үшін күтпеген жаңалық болды. Міне, сол сәт бүгін қайта еске түсіп отыр. Мұнда 70 жыл бұрынғы түсірілген суреттер, команда ұтқан кубоктар мен медальдар қойылған. Осындай көрме облыстың басқа қалаларында ашылса, жас аяқдопшылар үшін керемет сыйлық болар еді», - деді футбол ардагері.
Айта кетейік, Қостанайдағы орталық стадионда Қазақстан футболын дамытудың 2022 жылғы дейінгі стратегиясы таныстырылып жатыр. Дөңгелек үстелге Қазақстан футбол федерациясы бұқаралық футбол департаментінің басшысы Ерлан Жамантаев қатысуда. Жиын соңында қостанайлық футбол мамандарының стратегияға байланысты ұсыныстары қаралады.