Жыл соңына дейін бірқатар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қанатқақты жобалары таныстырылады. Егер олар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізсе, келесі жылы мемлекеттен қолдау таба алады. Кәсіп бастаушыларға «Береке», «Игілік», «Ырыс» бағдарламалары бойынша жылдық 6 пайызбеннесие беріледі. Бүгінде сүт бағытында Федоров, Меңдіқара, Қостанай аудандарында және ет бағытында Амангелді, Денисов және Сарыкөл аудандарында кооперативтер жұмыс істеп тұр.
Мәселен, Қостанай ауданындағы «Александровка» ұжымшары сүт өндірісімен айналысады.
«Кооператив құрамына 25 қосалқы шаруашылық кіреді. Өнім игеру сомасы 74 млн теңгеге жетіп отыр. Бұл негізгі жоспардағыдан 15 млн теңгеге артық. Кооператив Қостанай ауданындағы 4 ауылда өнім шығарады», - деді Қостанай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сартов.
Бөлім басшысының айтуынша, «Александровка» кооперативі бір күнде 300 литр сүт өндіреді. Ауылда сүтке деген сұраныс жоғары. Сол себепті жыл аяғына дейін сүттің бір литрі 90 теңгеден сатылады.