Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім етілгендей, «Таза сессия» рейді кезінде Қостанай қаласының жоғарғы оқу орындарына тиесілі нысандар тексерілді.
«Агенттік мамандары арнайы мониторингтік топтармен бірігіп, Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінің жатақханасын тексеру кезінде заңсыз фактілерді тіркеді. Онда студенттердің орнына бөгде адамдарға бөлмелер ұсынған», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Аида Бажирова.
Жалпы, Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінің жатақханасы 300 студентке шақталған. Алайда, бүгінде мұнда студенттерден бөлек, өзге отбасылы адамдардың тұрып жатқаны анықталды. Сондай-ақ, жатақхананың бір бөлмесін Қостанайдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы жалға алған. Ол ай сайын 19 мың теңге төлеп келген.
Аталған заңбұзушылыққа қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.