Қостанай мен Ақтөбе шекарасында жабылған жолда 250 жүк көлігі жиналып қалды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысындағы республикалық маңызы бар А-22 күре жолында ауыр жүк көліктерінен кептеліс пайда болды. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы жағдайды түсіндірді.
7 ақпанда Ақтөбе облысындағы боранға және аталмыш облыста жолдың жабылуына байланысты республикалық маңызы бар А-22 «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» автожолының 234-386 шақырымында (Ақтөбе облысының шекарасынан Денисовка кентіне дейінгі аралықта) көліктің барлық түрін өткізбеу жөнінде шешім қабылданған.
Алайда, жол қозғалысы шектелген учаскелерде Денисовка кенті, Лисаковск ауылы және Тобыл стансасы маңында 200-250 транзиттік ауыр көлік жиналып қалған.
«Қостанай облысында арнайы техника штаттық режимде істеп жатыр. Облыс аумағынан өтетін аталмыш күре жолда қозғалыс қамтамасыз етілген, бірақ транзиттік көліктерге шектеу тек Ақтөбе облысындағы ауа райы тұрақталғаннан кейін ғана алынады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысына дейінгі автожол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін сервис саны (жанармай құю стансалары, кемпингтер, тамақтану орындары, қонақ үйлер) жеткіліксіз» деп хабарлады компаниядан.
Осы факторларды негізге ала отырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар А-22 автожолының Ақтөбе облысы шекарасынан Денисовка ауылына дейінгі аралықта жол қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.