Қостанай облысы cтатистика департаментінің басшысы ауысты

Фото: Ұлттық статистика бюросы

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы болып Ольга Шахматова тағайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін ол Қостанай облысы Статистика департаментінің Ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының басшысы қызметін атқарған. Жаңа басшыны ұжымға Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова таныстырды.

Ольга Николаевна Қостанай ауыл шаруашылығы институтын «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы Қостанай облыстық статистика басқармасының экономисі қызметінен бастаған.

1999-2004 жж. Қостанай облысының Ақпараттық статистика орталығында маман, жетекші маман, өнеркәсіп өндірісі статистикасын ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.

2005-2008 жж. Қостанай облысы бойынша статистика департаментінің экономиканың индустрия секторы статистикасы, өндіріс статистикасы, сондай-ақ кәсіпорындардың қаржысы, құрылыс және инвестициялар бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

2008-2025 жылдар аралығында Қостанай облысы Статистика департаменті басшысының орынбасары лауазымында болды.

2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай облысы бойынша Департаменттің Ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2017-2024 жылдары Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге белсенді қатысты.

«Статистика үздігі» және «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төсбелгілерімен марапатталған.

Бұдан бұрын Kazinform тілшісі елімізде және халықаралық деңгейде өткен апта ішінде қандай кадрлық тағайындаулар мен қызметтік өзгерістер болғанын зерделеп көрді.