Қостанай облысы кәсіпорындарының газға қарызы 1,3 млрд теңгеден асқан

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облысындағы жылу энергетикасы кәсіпорындарының жеткізілген тауарлық газ үшін жалпы берешегі 1 млрд 346,2 млн теңгеге жетті.

Фото: Kazinform / ИИ

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Азамат Сабыржанның түсіндіруінше, бірқатар кәсіпорын үшін берешекті өтеу кестесі бекітілген. Оның орындалуы жылыту маусымына дайындық жөніндегі штабтың бақылауында.

2026 жылы Қостанай облысын жылыту маусымына дайындауға жалпы 19,1 млрд теңге бөлінді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 118 жылу көзі, оның ішінде төрт жылу электр орталығы (ЖЭО) мен 114 қазандық жұмысқа толық дайындалған.

Сондай-ақ 3 015 көппәтерлі тұрғын үй мен 1 441 әлеуметтік нысанды дайындау жұмыстары толық аяқталды. Олардың қатарында 586 білім беру мекемесі, 389 денсаулық сақтау нысаны және 466 әлеуметтік нысан бар. Бұдан бөлек, жылу желілерінің 30,7 шақырымы жөнделді. Бұл жұмысқа шамамен 10,3 млрд теңге қарастырылған.

Қазандық жабдықтары мен жылу көздерін жөндеуге 4,7 млрд теңге бөлінді. Оның 1,5 млрд теңгесі бюджет қаражаты болса, 3,2 млрд теңгесі кәсіпорындардың өз қаражаты. Ал электр желілерін жөндеу жұмыстарының 92%-ы орындалды: жоспарланған 739 шақырымның 681 шақырымы жаңартылды.

Осыған дейін елімізде 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйымның энергия тұтынуы бақыланатыны туралы жаздық.