Қостанай облысында 110 оқушы мектептің орнына әкімдікке барады

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының Федоров ауданындағы Кеңарал мектебінің 110 оқушысы жаңа оқу жылын өз мектебінің ғимаратында емес, басқа жерде бастайды. Бұған мектепте әлі де жалғасып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары себеп, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Кенарал мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын «ЖилСтройСервис-98» мердігер компаниясы жүргізіп жатыр. Шарт талаптарына сәйкес, жөндеу жұмыстарын 30 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.

Жөндеу аяқталғанға дейін 110 оқушы аудан әкімдігі мен Усаков орман шаруашылығының ғимаратына уақытша орналастырылады. Оқу процесі екі ауысымда ұйымдастырылады.

Мектеп ғимаратында әлі терезелерді орнату, шатырды жөндеу, жылыту жүйесін ретке келтіру, есіктерді орнату, ішкі әрлеу және еден жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Жалпы 2026 жылы Қостанай облысындағы 113 білім беру нысанын жөндеуге 5,4 млрд теңге бөлінді. Оның 2,2 млрд теңгесі жеті нысанды күрделі жөндеуге, тағы 3,2 млрд теңгесі 106 нысанды ағымдағы жөндеуге бағытталған.

Қазіргі уақытта төрт нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Бұған дейін хабарланғандай, Қостанай облысында 6 мектеп асханасына санитарлық қорытынды неге берілмегені белгілі болды.