Қостанай облысында 13 әлеуметтік көмек түрі цифрлық форматқа көшірілді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласына енгізіліп жатқан жаңа цифрлық шешімдерді таныстырды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Фото: Gov.kz

Халықпен кездесуде вице-министр өңірдегі еңбек нарығы, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту, өндірістегі қауіпсіздік және жалақы берешегі мәселелеріне тоқталды.

Жаңа құралдардың бірі – Enbek.kz платформасындағы Цифрлық жұмыспен қамту қызметі. Сервис кәсіби бағытты таңдаудан, бос жұмыс орындарын іздеуден бастап оқыту мен жұмысқа орналасуға дейінгі процесті бір жүйеге біріктіреді.

Жасанды интеллект негізіндегі көмекші азаматтың білімі, еңбек өтілі, тәжірибесі мен дағдылары туралы мәліметтерді талдап, түйіндемесін қалыптастыруға немесе жаңартуға көмектеседі. Сондай-ақ тұрғылықты жері мен еңбек мобильдігіне дайындығын ескере отырып, сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады.

Егер жұмысқа орналасу үшін қажетті құзыреттер жеткіліксіз болса, жүйе пайдаланушыға Skills Enbek платформасында тиісті оқудан немесе қайта даярлаудан өтуді ұсынады.

– Жаңа тәсілдің басты ерекшеліктерінің бірі – проактивті жұмыс форматына көшу. Яғни жүйе азамат жұмыспен қамту қызметіне өзі жүгінгенге дейін оған қажетті қолдауды ұсынуға бағытталған, – делінген министрлік хабарламасында.

Қазір Павлодар облысында жасанды интеллект технологиялары қолданылатын Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Қолда бар деректер негізінде азаматтарға бос жұмыс орындары мен кәсіптік оқыту бойынша ұсыныстар автоматты түрде қалыптастырылады. Пилоттық жоба нәтижесінде бұл тәсілді еліміздің барлық өңіріне енгізу көзделген.

Жаңа жүйеде әр азаматтың бірыңғай цифрлық бейіні мен кәсіби даму жолы қалыптастырылады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы адамның еңбек қызметі, білімі, кәсіби тәжірибесі мен дағдылары туралы мәліметтер бір жүйеге жинақталады.

Сонымен қатар Бахтияр Жазықбаев жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік көмек көрсету шаралары бойынша Бірыңғай цифрлық платформасын таныстырды. Онда әлеуметтік көмектің 13 түрін рәсімдеу процесі автоматтандырылған. Бұл құжаттар санын азайтып, өңірлік қолдау шараларын алуды жеделдетуге, олардың ашықтығы мен атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.

– Цифрлық сервистерді дамыту жекелеген қызметтерден азаматтың өмірлік жағдайын ескеретін және оған қажетті бағытты кезең-кезеңімен ұсынатын бірыңғай жүйеге көшуге мүмкіндік беруі тиіс. Кәсіби дамудан және жұмыс іздеуден бастап әлеуметтік қолдау алуға дейінгі барлық қажетті шаралар бір жүйеге біріктіріледі, – деді Бахтияр Жазықбаев.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қостанай облысында 1 221 отбасы немесе 5 455 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Олардың арасында еңбекке қабілетті 653 адам жұмыс істегенімен, отбасыларының табысы әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.

Жыл басынан бері АӘК алатын еңбекке қабілетті 233 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 175-і тұрақты жұмысқа орналасты.

Вице-министр жұмыспен қамту жүйесінің міндеті азаматқа тек жұмыс тауып берумен шектелмейтінін атап өтті. Оның біліктілігін арттыруға, жалақысы жоғары жұмысқа ауысуына және отбасының табысын көбейтуге жағдай жасау да маңызды.

Еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қостанай облысының кәсіпорындарында 56 адам зардап шегіп, 11 жазатайым оқиға адам өлімімен аяқталған. Еңбек тәуекелдері картасының мониторингіне өңірдегі 4,3 мыңнан астам кәсіпорын енгізіліп, оның 52-сінде тәуекел деңгейі жоғары екені анықталды.

Вице-министр өндірістік жарақаттанудың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өзара іс-қимылын арттыру қажеттігін айтты.

Өңірде жалақы бойынша берешек те бар. 1 шілдедегі жағдай бойынша үш кәсіпорын 27 жұмыскерге жалпы сомасы 12,7 млн теңге қарыз. Қазір берілген нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс сапары барысында Бахтияр Жазықбаев Қостанай қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектепке, Отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығына, сондай-ақ Рудный қаласының Мансап орталығына барды.

Отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында вице-министр өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету жұмысымен танысты. Ол отбасындағы проблемаларды ерте анықтап, жағдай дағдарысқа ұласпай тұрып әлеуметтік сүйемелдеуді ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

Рудный қаласының Мансап орталығында азаматтарды қабылдау, бос жұмыс орындарын іріктеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қажет ететін адамдарды сүйемелдеу жұмыстары таныстырылды.

Вице-министрдің жеке қабылдауында тұрғындар жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қызметтер алу мәселелерін көтерді. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапарының қорытындысында АӘК алушылардың еңбекке қабілетті бөлігінің табысын арттыру, азаматтарды тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және еңбек құқықтарын қорғау бойынша бірқатар міндет айқындалды.

Айта кетейік, елімізде 12 мың әлеуметтік қызметкер біліктілігін арттыру курсынан өтті.