Қостанай облысында 20 жылдан бері жөндеу көрмеген жол жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында республикалық маңызы бар KAZ-18 «Қостанай-Мамлютка» автожолы орташа жөндеуден өтті, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.
Республикалық маңызы бар KAZ-18 «Қостанай-Мамлютка» автомобиль жолының Ұзынкөл ауылынан Троебратское ауылына дейінгі аралығындағы жалпы ұзындығы 16,4 шақырымды құрайтын учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Аталмыш учаске Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын байланыстырады, сондай-ақ Пресногорьковка ауылына бұрылыс арқылы Ресей Федерациясының аумағына шығуды қамтамасыз етеді.
Күн сайын KAZ-18 автожолымен Троебратское, Сатай, Федоровка, Үкіатқан, Сокол, Сібір, Пресногорьковка, Есмұрза, Крутоярка, Волна, Белоглинка, Красный Борок және Песчанка елді мекендердің тұрғындары қатынайды.
Жалпы, жол аудан халқының шамамен 34,5%-ның, яғни 6 мыңнан астам адамның көлік қажеттіліктеріне қызмет етеді.
— Жол 1978 жылы салынған, ал бұл учаскеде соңғы рет жөндеу жұмыстары 2006 жылы жүргізілген. 40 жылдан астам пайдаланылған бұл жолдың жабыны жарамсыз күйге жеткен, — делінген хабарламада.
Орташа жөндеу аясында келесі жұмыстар атқарылды:
— жаңа материалдарды қосу арқылы қолданыстағы жабын 25 см тереңдікке дейін жонылды;
— 6 см қалыңдықта асфальтбетонның төменгі қабаты төселді;
— асфальтбетонның жоғарғы қабаты төселді, қалыңдығы 5 см;
— жол жиектері бекітілді;
— учаскенің бүкіл ұзындығы бойынша (16,4 шақырым) жол таңбалары сызылды.
Жобаны жүзеге асыруға 28 жол-құрылыс техникасы және 30 маман жұмылдырылды. Жүргізілген жөндеу жұмыстары автожолдың техникалық жағдайын едәуір жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға және өңірлер арасында тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Бұдан бұрын Алматыдағы Абай даңғылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзартылатыны белгілі болды.