Қостанай облысында 207 млн теңгелік орман қоры жерлері мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM- Қостанай облысының Алтынсарин ауданында жалпы кадастрлық құны 207 млн теңге болатын орман қорының жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: АШМ

Алтынсарин ауданының прокуратурасы пайдаланылмайтын жерлерді анықтау бойынша жұмыс аясында орман заңнамасы талаптарының сақталуына талдау жүргізді.

Талдау барысында мемлекеттік орман қорының жекелеген учаскелері ұзақ уақыт бойы мақсаты бойынша, оның ішінде сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттарда пайдаланылмағаны анықталды.

Учаскелердің бірі орман пайдаланушыға 2007 жылы берілген. Алайда ол іс жүзінде пайдаланылмаған. Бұл аталған аумақта туристік инфрақұрылымды дамытуға кедергі келтірген.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.

Болашақта олар инвесторларға туристік жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылым құру және аумақты дамыту үшін ұсынылуы мүмкін.

Прокуратура пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды экономикалық айналымға тарту бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.

Осыған дейін прокуратураның Көкшетауда заңсыз берілген 2,4 гектар жерді қайтарғаны туралы жаздық.