Прокурорлық қадағалау барысында ауданның бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жайылым жерлерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбағаны белгілі болды. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын алу кезінде заң талаптарының сақталмағаны анықталған.
Тексеру нәтижесінде бір ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жеткілікті мал басы болмағанына қарамастан 363 гектар жайылымды пайдаланып келгені белгілі болды.
– Ауыл шаруашылығы кәсіпорны ҚР Жер кодексінің 92-бабы мен «Жайылымдар туралы» заңның 14-бабы талаптарын бұза отырып, мал жаю және жем-шөп дайындау үшін қажетті мал басын ұстамай, жайылым жерлерді пайдаланған, – деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.
Сондай-ақ бес ауыл шаруашылығы құрылымының мемлекеттен алған субсидияларды заң талаптарына сәйкес пайдаланбағаны анықталды.
– Бес шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 38 млн теңгеден астам субсидияны ірі қара малдың аналық басын екі жыл бойы сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындамай алған, – делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, мемлекетке жайылым жерлер қайтарылды. Сонымен қатар заңсыз алынған субсидиялар толық көлемде бюджетке өндірілді.
Қадағалау органының мәліметінше, қайтарылған жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына енгізіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаруа және фермер қожалықтарын жүргізу үшін азаматтарға қайта бөлінетін болады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында инвесторға тиесілі жер басқа адамға заңсыз берілген.