Қостанай облысында 455 га пайдаланылмаған егістік мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысы Қамысты ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында шаруа қожалығы Қамысты ауданы Аралкөл ауылдық округінде орналасқан 455 гектар жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағаны анықтады.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған жер телімі ұзақ уақыт пайдаланылмаған, егістік жер өңделмеген және арамшөп басып кеткені анықталды.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін пайдаланбау жағдайларына егістікте жер учаскесін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі жатады.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жер заңнамасы бойынша заң бұзу жойылды. Қамысты аудандық сотының шешімімен кадастрлық құны 10 миллион теңге болатын жер учаскесі мемлекеттік меншікке мәжбүрлеп алынды.

Қайтарылған жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына енгізілді және жер заңнамасына сәйкес шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін азаматтарға қайта бөлінеді. 

Айта кетелік Катонқарағайда пайдаланылмаған жер учаскелері мемлекет меншігіне өтті