Қостанай облысында 600 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының Денисов ауданында бір тәулік ішінде бірнеше өрт тіркеліп, барлық өрт ошағы толық сөндірілді, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Фото: Ұялы ауылдық округі әкімдігі

8 қыркүйекте Гришенка және Қараоба ауылдарының маңында құрғақ шөп өртенген. Өрт шамамен 600 гектар аумақты шарпыды.

Тілсіз жауды сөндіруге 70-тен астам адам мен 15 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараты, жергілікті атқарушы органдар мен «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымдарының күштері және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өрт сөндіру пойызы пайдаланылды.

– Бір тәулік ішінде Қостанай облысының Денисов ауданында бірнеше өрт оқиғасы тіркелді. Гришенка және Қараоба ауылдарының маңындағы өрт шамамен 600 гектар аумақта сөндірілді. Антоновка және Георгиевка ауылдарындағы өрт ошақтары да толық жойылды. Оқиғалар салдарынан зардап шеккендер жоқ, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Антоновка ауылында да құрғақ шөп өртеніп, жалын үш жеке тұрғын үй ауласындағы шаруашылық құрылыстарына және екі тұрғын үйдің шатыр астындағы бөліктеріне тараған.

Өрт 200 шаршы метр аумақта сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Сонымен қатар Георгиевка ауылында өрт шығып, тұрғын емес үй мен шаруашылық құрылыстарын шарпыды. Өрт шамамен 80 шаршы метр аумақта сөндірілді.

ТЖМ мәліметінше, Георгиевка ауылындағы өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Барлық өрт ошағын сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымдары және басқа да ұйымдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Айта кетейік, Ақмолада орман өртімен ондаған адам мен техника күресіп жатыр.