Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бақылау шаралары басталғалы бері шекарадан 7 мың литрге жуық жанармайды заңсыз алып өтуге тосқауыл қойылған.
Оның ішінде шамамен 4 мың литрі бензин, ал 3 мың литрге жуығы дизель отыны.
Бұдан бөлек, мұнай өнімдеріне арналған ілеспе жүкқұжаттың (СНТ) болмауына байланысты әкімшілік материал рәсімделді. Іс соттың қарауына жолданды.
— Тек соңғы тәуліктің өзінде жанармайды заңсыз әкетудің тағы 9 әрекетінің жолы кесілді. Көп жағдайда бензин мен дизель канистрлерде тасымалданған. Бұл – жанар-жағармай материалдарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізудің ең кең таралған тәсілдерінің бірі, – деп хабарлады ведомство.
Қостанай облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті жанар-жағармай материалдарының мемлекеттік шекара арқылы тасымалдануын бақылау тұрақты негізде жүргізілетінін еске салды.
Осыған дейін Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталғаны туралы жаздық.