Орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, сапар барысында Михаил Бортник дауыс беру үшін жасалған жағдайлармен, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және учаскелердегі жұмыстың ұйымдастырылуымен танысты. Мемлекеттік органдардың, аумақтық және учаскелік комиссиялардың өкілдерімен өткен жұмыс кеңестерінде сайлауға дайындықтың өзекті мәселелері және дауыс беру күні өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.
— Қостанай облысында алдағы Құрылтай сайлауына 716 сайлау учаскесі дайындалды. Олардың барлығы дауыс беруге арналған жәшіктермен және кабиналармен жабдықталған, мүгедектігі бар сайлаушылар мен байқаушылар үшін қажетті жағдайлар жасалған, — делінген хабарламада.
Тамыз айының басынан бастап 4 310 сайлау комиссиясының мүшесі жұмысқа кірісті. Олардың дауыс беруге дайындығы сайлаушылар тізімдерін нақтылауды, азаматтарды ақпараттандыруды, есептен шығару куәліктерін беруді, сондай-ақ үй-жайлардың дайындығын және барлық сайлаушылар үшін жасалған жағдайларды тексеруді және басқа да жұмыстарды қамтиды.
Қостанай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту аяқталды. Олардың барлығы тестілеуден өтіп, дауыс беру кезеңінде жұмыс істеуге қажетті дайындық деңгейін растады.
Сапар барысында Михаил Бортник Қостанай ауданындағы № 548 және № 881 сайлау учаскелерінің, сондай-ақ Қостанай қаласындағы № 21, № 53, № 60 және № 879 сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастырумен танысты.
Осыған дейін Құрылтай сайлауына байланысты Алматыда қоғамдық көлік тегін болатынын жазғанбыз.