Қостанай облысында алимент қарызы бар екі борышкер баспанасын берді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысының Қарабалық ауданында алимент бойынша 7 млн теңгеге жуық қарызы бар екі борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алу қолданылды.

Коллаж: Kazinform/ Canva

Қарабалық ауданы прокуратурасының мәліметінше, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау аясында алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуына ерекше назар аударылып отыр.

Қадағалау барысында аудан тұрғындарының бірі алименттік міндеттемелерін ұзақ уақыт бойы орындамағаны анықталды. Оның кәмелетке толмаған баласына алимент бойынша берешегі 3,6 млн теңгеден асқан.

– Баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура атқарушылық іс жүргізу шеңберінде тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде 2026 жылғы 6 мамырда Қарабалық аудандық соты борышкердің Қарабалық ауылында орналасқан тұрғын үйіне өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Тағы бір жағдайда борышкер 2019 жылдан бері бірнеше жыл бойы баласын асырау жөніндегі міндетін орындаудан жалтарып келген. Соның салдарынан алимент бойынша берешек 3,4 млн теңгеге жеткен.

Прокуратураның бастамасымен борышкердің жылжымайтын мүлкінің ½ бөлігіне өндіріп алу қолданылды. Қазіргі уақытта берешекті өтеу есебінен аталған пәтер үлесін өндіріп алушыға беру рәсімі жүргізіліп жатыр.

Осылайша, прокурорлық қадағалау шаралары борышкерлердің мүлкін сот актілерін орындауға бағыттауға және балалардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Қарабалық ауданының прокуратурасы ата-аналардың балаларын асырау міндеті алименттік міндеттемелер толық орындалғанға дейін сақталатынын еске салды.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және борышкерлердің ата-аналық міндеттерін тиісінше орындауына бағытталған жұмыстар жалғасады.

Айта кетейік, Өскеменде балаларға 1,5 млрд теңгеден астам алимент төленбеген.