Қостанай облысында аудан әкімдіктері жер телімдеріне кезекті әдейі жасырып келген
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Мұндай кемшіліктерді қоғамдық мониторинг 10 қала және аудан әкімдіктерінен анықтады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті үй салу үшін берілетін жер телімдерін бөлу туралы ақпараттарды қасақана жасыру фактілерін анықтады.
-ҚР Жер Кодексініне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын өздерінің ресми ресурстарында жер кезегінде тұрған адамдар мен берілген жер телімдері туралы мәліметтерді жариялап отыруы керек. Алайда, Әулиекөл, Қарасу, Науырзым, Сарыкөл, Қарабалық, Амангелді, Жанкелді, Ұзынкөл, Алтынсарин аудандары мен Арқалық қаласының әкімдіктерінде мұндай мәліметтер жоқ болып шықты,- деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы кемшіліктерді жою үшін департамент тарапынан тиісті шаралар қолға алынды. Қазіргі таңда аталған кемшіліктер жойылды.
Ведомство өкілдері сондай-ақ 2025 жылы түскен шағымдардың жартысынан көбі осы жер қатынастарына, соның ішінде қызмет көрсететін адамдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты болғанын анықтады.
Осыған дейін Павлодар облысында ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы сотталғаны туралы жаздық.