Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Қостанай өңірінде ҚР «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр.
Жыл бойы ардагерлер мен тыл еңбеккерлері олардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған әлеуметтік, экономикалық және мәдени іс-шаралар кешенімен қамтылды.
9 мамыр — Жеңіс күніне орай жергілікті өкілді органдардың шешімдері негізінде Ұлы Отан соғысының қатысушыларына 5 000 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Қосымша төлемдер азаматтардың өзге де санаттарына қарастырылған, оның ішінде:
- Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің,
- геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына;
- қоршаудағы Ленинград қаласында кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарға;
- Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғаларға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай еңбек еткен (қызмет атқарған), бірақ жоғарыда аталған марапаттарға ие болмаған азаматтарға;
- Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және мүгедектігі бар деп танылған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қайтыс болған жұбайларына.
Аталған санаттар үшін төлем мөлшері қала және аудан мәслихаттарының шешімдерімен айқындалады.
Біржолғы төлемдерден бөлек, тұрақты негізде ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, аталған санаттағы азаматтар сауықтыру бағытындағы әлеуметтік қолдау шараларымен де қамтылған.
— Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге тегін жолдамалар беріледі. 2026 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 360 адамды сауықтыру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап өңірде баламалы қолдау тетігі енгізілді — санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу. Өтемақы әлеуметтік қызметтер порталында белгіленген жолдаманың кепілдендірілген құнынан аспайтын мөлшерде беріледі, — делінген хабарламада.
Осыдан бұрын 2026 жылдың мамырына қарай елде Екінші дүниежүзілік соғыстың небәрі 57 ардагері қалғаны анықталды.