Бұл мәселе «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыруға арналған кеңесте талқыланды. Жиында ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, тиісті күтім жасалмаған нысандарға ерекше назар аударылды. Жергілікті атқарушы органдарға мұндай ғимараттарды анықтау және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
— Заңға сәйкес, иесіз ғимарат алдымен есепке қойылуы керек. Егер бір жыл ішінде оның иесі табылмаса, құжаттар сотқа жолдануға тиіс. Бұл ретте жергілікті билік мәселені шешуді созбалаңға салмауы қажет. Ал қараусыз қалған ғимараттың иесі болса, онымен байланысып, нысанды ретке келтіру талап етіледі. Заңды негіздер болған жағдайда ғимарат апатты деп танылып, бұзылуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Әр нысан бойынша қандай шара қабылданатыны және оның мерзімі нақты белгіленеді. Жұмысты созғаны үшін жауапты тұлғалардың жеке жауапкершілігі қарастырылады, яғни жергілікті билікке қараусыз қалған ғимараттарды анықтап қана қоймай, әрқайсысына қатысты нақты шара қабылдау міндеті жүктелді.
Бұған дейін Қонаевта әйел Алматы облыстық сотының ғимаратының есігін сындырғаны үшін жазаға тартылғанын жазғанбыз.