Қостанай облысында кедейлік шегінен төмен тұратындар азайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде кедей тұратын халықтың азайғанын айтты.
- Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша облыстың макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы көлемі 19,4%, құрылыс – 14,1%, жеке инвестициялар – 10,7%, сауда - 9,9%, көлік - 5,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру - 4,1% өсті. Өңдеу секторының көлемі 3,9%-ға төмендеді. Жалпы өңірлік өнімнің өсуі 1,7% құрады, - деді Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкімнің есебінше, қостанайлықтардың орташа жалақысы - 329 131 теңге (13,3% өскен).
- Биыл 17,0 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 11,0 мың жұмыс тұрақты. Осылайша жұмыссыздық 4,6%-ға төмендеді. Кедейлік шегінен төмен тұратын және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны айтарлықтай азайды. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар санының төмендеу қарқыны бойынша біз республикада 2-орында тұрмыз, - дейді ол.
Еске сала кетейік, күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды.