Қостанай облысында көкпар кезінде ат шабандоздың үстіне құлап түсті

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Оқыс оқиға Қостанай ауданына қарасты Заречное ауылында дәстүрлі көкпар жарысы кезінде болған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Оқиға орнынан түсірілген видео күні бұрын аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Кадрларда аттың шабандоздың үстіне құлап түскені көрінеді.

Қостанай ауданы әкімдігінің хабарлауынша, жарыстарда медициналық қамтамасыз ету толық көлемде ұйымдастырылған — барлық спорт алаңында жедел жәрдем бригадалары кезекшілік атқарған. Оқыс оқиғадан кейін зардап шеккен спортшыға жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Дәрігерлердің айтуынша, спортшының аяғы шығып кеткен. Жағдайы қанағаттанарлық, ол дәрігерлердің бақылауында және өздігінен жүріп-тұра алады. Өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Ұйымдастырушылар жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын айтып, спортшыға тез сауығып кетуін тіледі.

Бұған дейін Павлодар облысында да осындай оқиға болған — ат шабандозымен бірге бағанаға соқтығысқан. 16 жастағы шабандоз оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Сонымен қоса Қырғызстанда көкпар ойыны кезінде спортшы қайтыс болды.