Кәсіпорын мәліметтеріне қарағанда, 2026 жылғы 18 қараша сағат 23:00-да ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 1153 — 1240 шақырым аралығында (Ырғыз ауылы — Қызылорда облысының шекарасы) жүк және қоғамдық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Сондай-ақ 2026 жылғы 18 қарашада сағат 23:00-де Ақтөбе облысындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты KAZ06 «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 1240–1362 шақырым аралығында (Ақтөбе облысының шекарасы – Арал қаласы) жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Ал 2026 жылғы 18 қараша сағат 23:00-де ауа райының қолайсыздығына (ауа температурасы минус болған кезде жауын-шашынның түсуі) байланысты жазғы дөңгелектермен жабдықталған автокөліктердің барлық түрлері үшін бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде қозғалысқа шектеу енгізілді.
- «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай (айналып өту жолымен) — РФ шекарасы» автожолының 418 — 539 шақырым аралығы (Қарабалық кенті — Қостанай қаласы);
- аталған автожолдың 555 — 685 шақырым аралығы (Тобыл қаласы — Сарыкөл кенті);
- «Қостанай — Мамлютка» автожолының 250 — 404 шақырым аралығы (Ұзынкөл кенті — Тобыл қаласы).
Жолды 2026 жылғы 19 қараша сағат 08:00-де ашу жоспарланған.
-Аталған шектеу шарасына байланысты 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат алуға болады,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін синоптиктер 19 қарашада елдің бірнеше өңірінде тұман түсіп, көктайғақ болатынын, қар мен жаңбыр жауып, жаяу бұрқасын және екпіні күшті жел соғатынын ескертті.