Қостанай облысында құны 68 млн теңге болатын 3 мың га жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қарасу ауданының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде кадастрлық құны 68 млн теңгені құрайтын 3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Қостанай облысының прокуратурасы.

Фото: АШМ

Аудан прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бөлігінде жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізген. Тексеру барысында ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскелері анықталды.

Анықталған бұзушылықтарға байланысты қадағалау шаралары қабылданып, нәтижесінде 3 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Мемлекет меншігіне өткен бұл учаскелер кейіннен адал кәсіпкерлер арасында конкурстық негізде бөлінеді.

Бұл шара жердің белгіленген нысаналы мақсатына сәйкес тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Прокуратураның жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы бақылауда тұр.

Осыған дейін Алматы облысында тоған мен зират орналасқан 29 гектар жер мемлекетке қайтарылғаны туралы жаздық.