Қостанай облысында құтқарушылар өрт кезінде екі адамды аман алып шықты

Фото: ТЖМ

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысы Қарасу ауданына қарасты Шығыс ауылында тұрғын үйге жапсарлас салынған қостамада өрт шықты.

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімдері жедел жетті. Құтқарушылардың үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында түтінге толы үй-жайдан 1954 және 1988 жылы туған үй иелері құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болмады.

- Өртті сөндіру барысында өрт сөндірушілер газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, жарылыс қаупінің алдын алды және жалынның әрі қарай таралуына жол бермеді, - делінген ақпаратта.

Өрт толық сөндірілді, тұрғын үйге өтпеді.

Айта кетейік, Алматыда базардағы ірі өрт сөндірілді.