Қостанай облысында мал құтыруына байланысты шектеулер енгізілді

Фото: БҚО ветеринария басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Аурудың таралу қаупіне байланысты ауыл әкімдігі осындай шешім қабылдады.

Құжат «Ашық НҚА» веб-сайтында орналастырылған. Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы, Свердловка ауылында «Жаңабек» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорны аумағында шектеуші ветеринариялық шаралар енгізілді.

– Алтынсарин аудандық аумақтық инспекциясының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы негізінде ірі қара малдан құтыру ауруының анықталуына байланысты Свердловка ауылы әкімінің аппараты шешім қабылдады, – делінген.

Шектеулер Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес белгіленді.

Іс-шаралар қауіпті дерттің таралуын болдырмауға бағытталған. Құтыру – жануарлардан адамға жұғатын өлімге әкелетін ауру, сондықтан оның алдын алу үшін қатаң шаралар қолданылады.

Осыған дейін ветеринариялық құжаты жоқ мал өнімін сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені туралы жаздық.