Қостанай облысында мектептегі тегін тамақтандыру конкурсының қорытындысы жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында оқушыларды тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға арналған құны 42,6 млн теңгеден асатын конкурстың қорытындысы заңсыз деп танылды. Мұндай шешімді мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот шығарды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

Конкурсқа бес әлеуетті өнім беруші қатысқан. Қайта қорытындылау кезінде 18 балл жинаған «Н» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз деп танылған. Тағы бір қатысушы да дәл осындай балл жинағанымен, өтінімді ертерек берген кәсіпкерге басымдық берілген.

Нәтижемен келіспеген екінші қатысушы сотқа жүгінген.

Істі қарау барысында конкурстық комиссияның өтінімдерді бағалау кезінде заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды. Атап айтқанда, кейбір мамандардың кәсіби даярлығын растайтын құжаттар олардың қажетті білімі бар екенін дәлелдемеген.

Сонымен қатар сот жекелеген қызметкерлердің жұмысбастылығына байланысты міндеттерін іс жүзінде орындай алуына күмән келтірді. Диетологтар мен технологтардың біліктілігін растайтын құжаттардан да кемшіліктер табылды.

Сот бұл заңбұзушылықтар қатысушылардың ұпайларын бөлуге және жеңімпазды анықтауға әсер еткен деген қорытындыға келді.

Осыған байланысты талап арыз қанағаттандырылып, конкурс қорытындысының хаттамасы заңсыз деп танылды және күші жойылды. Жауапкерге сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде нәтижелерді қайта қарау міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетсек, БҚО-да сот арқылы жұмысына қайта орналасқан құтқарушы 2,3 млн теңге өндіріп алғанын жаздық.