Ғалымдардың алдын ала бағалауынша, жерлеу орындары б.з.д. VII-V мыңжылдықтарға тиесілі болуы мүмкін. Мамандар мұндай олжалар өте сирек кездесетінін және соңғы жылдардағы ең маңызды археологиялық жаңалықтардың біріне айналуы ықтимал екенін айтып отыр.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Торғай археологиялық экспедициясы биыл Әулиекөл ауданындағы Шилі, Сұлукөл және Бұрықтал ескерткіштерінде зерттеу жүргізіп жатыр. Жұмыс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми гранты аясында жүзеге асырылуда.
Экспедиция құрамында университеттің археологиялық зертханасы қызметкерлері, тарихшы студенттер мен еріктілер бар.
Археолог Ирина Шевнинаның айтуынша, қазба жұмыстары кезінде ғалымдар ерекше олжаға тап болған.
«Біз б.з.д. VII-V мыңжылдықтарға жататын неолит дәуірінің, маханджар мәдениетінің ескерткіштерін зерттеп жатырмыз. Дәстүрлі олжалар – тас және сүйек құралдар, керамика мен әшекейлерден бөлек, үш жерлеу орнын анықтадық. Олар – бір бала мен екі ересек адамның қабірі. Қабірлер ежелгі тұрғын үйлердің еденінің астында орналасқан», – деді ол.
Ғалымның айтуынша, тас дәуіріне, әсіресе неолит кезеңіне жататын жерлеу орындары өте сирек кездеседі.
«Қазақстан үшін, соның ішінде Қостанай облысы үшін бұл сенсациялық жаңалық деуге болады. Бізге әлі де жан-жақты зерттеу жүргізу қажет. Дегенмен қазірдің өзінде бұл тас дәуіріне жататын жерлеу орындары екенін сенімді түрде айта аламыз. Бұл жерде қателік болуы мүмкін емес», – деді Ирина Шевнина.
Экспедицияның тағы бір маңызды нәтижесі – маханджар мәдениетіне тиесілі тұрғын үй орындарының анықталуы. Бұған дейін археологтар ежелгі адамдардың тұрақтарын ғана зерттегенімен, тұрғын үйлердің нақты құрылымдарын анықтай алмаған.
Өткен жылдан бері Шилі ескерткішінде жүргізіліп жатқан зерттеулер барысында маханджар мәдениетінің жартылай жеркепелері алғаш рет табылды. Археологтар дәл осы ежелгі тұрғын үйлердің еденінің астынан жерлеу орындарын анықтаған.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай жерлеу дәстүрі іргелес аумақтардағы бірқатар ежелгі мәдениеттерге, соның ішінде Орта Азия халықтарына тән болған. Тас дәуірінде кей қауымдар марқұмдарды тұрғын үй еденінің астына жерлеген.
Ескерткіштердегі зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Археологтар табылған адам сүйектерін зерттеп, олардың ерекшеліктерін анықтауды және неолит дәуіріндегі Торғай өңірі тұрғындарының өмірі туралы жаңа деректер алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Археологтар Жанкенттен сенсациялық олжа тапқаны хабарланған болатын.