Қостанай облысында туберкулезбен ауырған қызметкерді жұмысқа жіберген кәсіпкер сотта жеңілді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облысында сот мектептерді тамақтандыру қызметін көрсеткен кәсіпкерді жосықсыз өнім беруші деп таныды.

Фото: freepik

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, бұл іске білім беру ұйымдарындағы тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы себеп болған.

Сот барысында кәсіпкердің білім беру мекемесінде туберкулезбен ауыратын қызметкерді жұмысқа жібергені анықталды. Бұл дерек бұрын Меңдіқара ауданындағы Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясында тексеру жүргізуге негіз болған.

Сот кәсіпкердің әрекеті санитариялық талаптарға және оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу шартының талаптарына қайшы келеді деген қорытындыға келді.

— Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай заңбұзушылықтың сипатын ескере отырып, сот шарттық міндеттемелердің тиісінше орындалмағанын анықтады, — деп хабарлады сот.

Нәтижесінде аудандық білім бөлімінің талап-арызы қанағаттандырылып, кәсіпкер жосықсыз өнім беруші деп танылды.

Өз кезегінде кәсіпкер қарсы талап-арыз беріп, шартты бұзу туралы хабарламаны және тапсырыс берушінің мүлікті алып кету әрекеттерін заңсыз деп тануды сұрады. Алайда сот оның құқықтарының бұзылғанын растайтын дәлел таппай, талап-арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тартты.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2026 жылғы мамырда Астанадағы ауруханалардың бірінде ашық түрдегі туберкулезге шалдыққан мейіргер жұмыс істегені анықталған болатын.