Қостанай облысында түрмелердегі ұялы байланыс сигналы үшін үш оператор жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM - Қостанай облысында жазасын өтеу мекемелерінің аумағында ұялы байланыс сигналының рұқсат етілген деңгейден асып кетуіне жол берген үш оператор әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды.

Фото: Ұлтық статистика бюросы

Қостанай облысының прокуратурасы Мемлекеттік радиожиілік қызметімен, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен және байланыс операторларының өкілдерімен бірлесіп, жазасын өтеу мекемелерінің аумағында ұялы байланыс сигналының деңгейін өлшеді.

Өлшеу нәтижесінде үш мекеменің аумағында «Кар-Тел» ЖШС («Beeline»), «Kcell» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС («ALTEL, Tele2») операторларының ұялы байланыс сигналының рұқсат етілген деңгейден асып кеткені анықталды.

Облыс прокуратурасы енгізген ден қою актісі бойынша уәкілетті орган үш операторды да Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы 1-бөлігінің 16) тармағы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартып, айыппұл салды.

Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына сәйкес, ұялы байланыс операторлары өздерінің байланыс желілерін оңтайландыруға, соның ішінде жазасын өтеу мекемелерінің аумағында радиосигналдың таралу деңгейін төмендету бойынша уақтылы ден қойып, қажетті шаралар қабылдауға міндетті.

Алайда бұл талаптар сақталмаған.

Бұған дейін мекемелерде прокурорлар ұялы телефондарды пайдалануға байланысты қылмыстардың жасалғанын анықтаған.

Мәселен, мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған адамның ұялы телефонды пайдаланып, 4 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық жасағаны анықталды.

Тергеу барысында одан ұялы телефондар тәркіленді. Кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

-Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – байланыс операторларының заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және жазасын өтеу мекемелерінің аумағында ұялы байланыс қызметтерін заңсыз пайдалану мүмкіндігін болдырмау,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Алатау мен Қонаевта ұялы байланыссыз қалған аумақтар анықталғны туралы жаздық.