Қостанай облысында заңсыз сатылған 168 млн теңгелік темекі өнімдері тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысында темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарынсыз өткізу фактілері бойынша 4 қылмыстық істі тіркеді. 

Фото: Видеодан алынған кадр

Анықталған темекі өнімдерінің жалпы сомасы 168 млн теңгеден асады.

«Жүргізілген рейдтер барысында сәйкестендіру құралдарынсыз темекінің жария түрде сатылғаны, сондай-ақ Қостанай қаласының аумағында сақтау орындары анықталды. Айналымнан 290 мыңнан астам қорап темекі алынды», — делінген хабарламада. 

Заңсыз қызметті жүзеге асырған 4 күдіктіге қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді. 

Сот оларды кінәлі деп танып, айыппұлдар мен бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазалар тағайындады. 

Барлық тәркіленген өнім жойылатын болады.