Қостанай облысында жастарды баспанамен қамтуға бөлінетін қаржы үш есе артты
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері аталған облыста бес мыңнан астам отбасы баспаналы болды.
- Биыл өңірде 500,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, яғни 5,0 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй саясатын іске асыруға биыл бюджеттен 44,4 млрд теңге бөлінді, бұл былтырға қарағанда 2 есе көп. Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша «Қостанай жастары» бағдарламасы іске қосылды. Жастарды баспанамен қамтуға 2 жылдың ішінде 2,1 млрд теңге бөлінді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп, - деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкім ұсынған мәліметке сүйенсек 277 қостанайлық жас отбасы баспана мәселесін шешкен.
- Сонымен қатар 100 кенші отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жеңілдетілген бағдарламаны іске қосу мақсатында ERG компаниясымен меморандумға қол қойылды, - дейді ол.
Айта кетейік, Қостанай облысында еліміздің оңтүстік өңірлерінен солтүстікке көшу бағдарламасының арқасында дәрігерлер тапшылығы азайды.