Қостанай облысында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, екі адам мерт болды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысындағы Қостанай – Қарабұтақ автожолында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза тапты. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді.

Фото: ҚазАқпарат

Жол апаты Бейімбет Майлин ауданының Тобыл ауылы маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sorento көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол DAF маркалы жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан Kia Sorento жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазір жол апатының мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Қостанай облысы Полиция департаменті жүргізушілерді Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайына сай қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, ара қашықтықты сақтауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО-да соңғы он күнде жол апаттарынан төрт адам мерт болды.