Қостанай облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, төрт адам ауруханаға жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында жол апатынан екі адам көз жұмды.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Оқиға Қостанай — Қарабұтақ автожолының Бейімбет Майлин ауданы Валерьяновка кенті маңында болған. Chery Cowin және Mazda 626 автокөліктері соқтығысқан.

Апат салдарынан Chery Cowin көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Тағы үш жолаушы және Mazda 626 автокөлігінің жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Cowin жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mazda 626 көлігімен соқтығысқан.

— Бұл факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, — деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдықты жол жағдайына қарай таңдауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі жол апаты кезінде үш кенші қаза тапқанын хабарлаған едік.