АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының полиция департаменті Наурызым ауданы Дәмді ауылы маңындағы көпірде жарықшақ пайда болғанын ескертті. Осының салдарынан көпірдің опырылып құлау қаупі төніп тұр. Ол жерде көлік қозғалысы тоқтатылды.
Полиция қызметкерлері жолаушыларға жол жүруді алдын ала жоспарлап, түсіністікпен қарауды сұрады.
— Жезқазған-Петропавл республикалық тасжолы арқылы айналма жол қарастырылған. Маршруттарыңызды алдын ала жоспарлап, ресми ақпаратқа сүйеніңіздер, — делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ, Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев көпірдің қауіпті деп танылғанын растады.
Еркежан Смағұлова
2008 жылы Ш. Құдайбердіұлы атындағы СМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын облыстық «Семей таңы» газетінен бастаған. 2018 жылдан бастап Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде аудармашы.