Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етілгендей, республикалық маңызы бар апат қаупі жоғары жол учаскелерінде 3.20 («Басып озуға тыйым салынады») жол белгілері орнатылады. Олар мына бағыттарда қойылады:
– «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған»;
– «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналма жол арқылы) – Ресей Федерациясының шекарасы («Қайрақ» өткізу пункті)»;
– «Қостанай – Мамлютка»;
– «Қарабұтақ – Денисовка – Қостанай».
Полицияның мәліметінше, жаңа жол белгілерін орнатумен қатар өңірде жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған басқа да жұмыстар жүргізіледі.
Атап айтқанда, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 75,4 шақырымына және аудандық жолдардың 12 учаскесіне орташа жөндеу жүргізіледі.
Сондай-ақ «Рудный – Қашар – Федоровка» (51–53 км) және «Ұзынкөл – Сарыкөл» (2–12,6 км) облыстық жолдарының екі учаскесі қайта жаңғыртылады.
Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автожолдардың 270,9 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп, ұзындығы 16,9 шақырым болатын Рудный қаласын айналып өтетін жол екі көпірмен және жолайрықпен бірге салынады.
Сонымен қатар «Орталық – Батыс» республикалық автожолының (Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз) құрылысы жалғасады. Оның 401 шақырымы Қостанай облысының аумағы арқылы өтеді.
Бұған дейін Ақмола мен СҚО-да жол құрылысы мамандары парамен ұсталғанын жаздық.