Қостанай облысындағы колледжде болған өрт салдарынан ер адам қаза тапты
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысында ауылдық колледждің зертханалық корпусында шыққан өрт салдарынан 1968 жылы туған ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 21 ақпанда 112 қызметіне Федоров ауданына қарасты Жарколь ауылындағы колледж аумағында түтін байқалғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері жіберіліп, екі қабатты зертханалық корпус ғимаратының бірінші қабатындағы қосалқы бөлмеде өрт шыққаны анықталды.
Құтқару жұмыстары кезінде 1968 жылы туған ер адам ес-түссіз күйде табылып, таза ауаға шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Алайда дәрігерлердің қолға алған барлық реанимациялық шараларына қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Өрт толықтай сөндірілді. Құзырлы органдар өрттің шығу себептерін анықтау үшін өрт-техникалық зерттеу жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада екі қабатты ғимарат өртеніп, тілсіз жау дер кезінде сөндірілді.