Қостанай облысындағы тасжолдар мобильді интернетпен қамтылады

Видеодан алынған скрин

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойында мобильді интернет іске қосылады.

Жобаны инвестор тарту арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты ҚР Үкіметі мен Транстелеком компаниясы арасында инвестициялық келісімге қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, еліміздегі республикалық және облыстық автомобиль жолдарын радиодабылмен қамту және телекоммуникациялық инфрақұрылым салу жөніндегі инвестициялық жоба іске асырылады. Жоба аясында Қостанай облысында республикалық трассалар бойында антенна-діңгек құрылыстарын салуға арналған жеті нүкте айқындалған.

Атап айтқанда:

– Арқалық қаласында – 1 нүкте;
– Жітіқара ауданында – 1;
– Алтынсарин ауданында – 2;
– Сарыкөл ауданында – 1;
– Денисов ауданында 2 нүктеде орналастыру жоспарланған.

Барлық аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға оң сараптама қорытындысы алынған. Сонымен қатар олар жекешелендіру тізіміне енгізіліп, бағалау жұмыстары жүргізілген.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысындағы ақылы жолдарда жылдамдықты автоматты тіркеу енгізілетіні хабарланған болатын.