Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай

Фото: Фото: wikiway.com

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Биылғы жартыжылдықта кейбір көрсеткіштер бойынша Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында былтырғымен салыстырғанда ілгерілеу байқалады. Алайда өңірдің жағдайына көктемгі су тасқыны әсер етпей қоймады.

Су тасқынының салдарын жою және зардап шеккендерге көрсетілген көмек 

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың сәуір айында су тасқыны кезінде Қостанай облысына ұшып келді. Сол жолы Президент қысқа мерзімде су тасқынының салдарын жою және барлық зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету міндетін қойды. Әлеуметтік қолдау аясында 4 097 отбасы жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге біржолғы көмек алды.

Су тасқыны кезінде 1 296 тұрғын үйге зақым келді. 473-і апатты деп танылып, 796-сы жөндеуден өтті. Зардап шеккен тұрғындар үшін Қостанай және Арқалық қалаларында Үкімет резерві мен демеушілік салымдар есебінен пәтерлер сатып алынды. Арқалықта «Базис А» ЖШС қаржыландыруымен 50 пәтерлі үй салынып жатыр.

Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үй салынды. Қостанайда 14 үй пайдалануға берілді, Қостанай ауданында демеушілік қаражат есебінен 96 пәтер және 21 үй сатып алынды (98 пәтер сатып алынды).

Сондай-ақ тасқын кезінде қырылған 2 020 бас мал шығыны өтеліп, осы мақсатқа 855 млн теңге жұмсалды.

Фото: Қостанай облысы ПД
Фото: ҚР ТЖМ

Халық саны 

Биылғы 1 шілдедегі жағдаймен Қостанай облысында халық саны 827,9 мың адамға жетті. Оның ішінде 518,8 мың адам қалада, 309,1 мың адам ауылда тұрады. Соның ішінде 216,4 адам жастар санатына жатады. Айта кету керек, 2000 жылдан бері қала жастарының үлесі 134 мыңға өсті. Бірақ ауыл жастары 115 мыңнан 82 мыңға дейін айтарлықтай азайды. 2024 жылғы қаңтар-маусымда халықтың табиғи өсімі небары 431 адам болды.

Экономика 

2024 жылғы қаңтар-наурызда жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы бағамен 974,5 млрд теңге болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1% өскен. Жалпы өңірлік өнім құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі – 47,6%, қызметтер 45,8% алады. Тұтыну бағаларының индексі – 104,2%. Азық-түлік тауарлары осы аралықта 2,8%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 3,4%, тұрғындар үшін ақылы қызметтер 6,7% қымбаттады.

Өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бағасы 1,4% төмендеді. Бөлшек сауда көлемі 344,3 млрд теңгеге жетті, бұл – 2023 жылғы қаңтар-шілдеден 7,6% артық. Биыл осы аралықта көтерме сауда көлемі 534 млрд теңге болды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3% көп. Алдын ала деректер бойынша осы жылғы қаңтар-маусымда ЕАЭО елдерімен өзара сауда 763,6 млн доллар көлемінде болды және 2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 20,2% төмендеді, оның ішінде экспорт 29,4% кеміп, 277 млн АҚШ доллары шамасында болса, импорт 486,9 млн АҚШ доллары көлемінде болды, бұл – 13,9% кем.

2024 жылғы қаңтар-шілдеде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылым көлемі 112,8 млрд теңге немесе 2023 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 5,9% жоғары болды.

Фото: Ақорда

Салықтардың түсуі 

Биыл қаңтар-шілдеде 201,5 млн теңге салық түсті. Салық аударымдары бойынша «Качары руда» АҚ 10,7 млн теңгемен, «ССГПО» АҚ — 8,3 млн теңгемен және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС — 7,8 млн теңгемен үздік үштікте тұр.

Бюджеттен қаржыландыру 

Қостанай облысы – субвенциялық өңір, биылғы субвенция сомасы – 318,9 млрд теңге. Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен кредиттер 88,6 млрд теңге болса, жергілікті бюджеттен 282,5 млрд теңге бөлінеді.

Шығыстарға тоқталсақ, есепті қаржы жылына түзетілген бюджет – 690 млрд теңге, оның ішінде білім беру саласы – 220 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 99,7 млрд теңге, көлік және коммуникация – 77,3 млрд теңге, жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер – 39,5 млрд теңге, қорғаныс – 2,2 млрд теңге, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі – 15,8 млрд теңге, денсаулық сақтау – 14,9 млрд теңге, әлеуметтік көмек – 32 млрд теңге, мәдениет, спорт және туризм – 36,9 млрд теңге, отын-энергетикалық кешен – 6,5 млрд теңге, өнеркәсіп, құрылыс және сәулет – 12,4 млрд теңге. Сондай-ақ, ауыл, су, орман, балық шаруашылығына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғауға, жер қатынастарына 56,6 млрд теңге жұмсалды. Қалған 76,2 млрд теңге «өзге де қызметтер» бойынша жұмсалды.

Инвестициялар

Жарты жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 273,6 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңдегі жеке инвестициялар көлемі 229,6 млрд теңге болды.

2027 жылға дейін шетелдік инвестицияларды тарта отырып, жалпы сомасы 763,8 млн теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл машина жасау саласында 5 нысанды ашу міндеті тұр. Серіктес елдер: Ресей, Қытай, Чехия және Өзбекстан.

Жұмыс және жұмыссыздық деңгейі

2024 жылдың II тоқсанында жұмыссыздар саны 21 469 адам болды. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 4,6% алады.

2024 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде 9 410 адам немесе жұмыс күшінің 2%-ы тіркелген. Биыл II тоқсанда орташа еңбекақы 337 636 теңгеге жетті, бұл – өткен жылғы көрсеткіштерден 12,5% жоғары.

Салалық статистика

Биыл қаңтар-шілдеде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 1 трлн 537 млрд теңге болды, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% аз.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 6,9%, сумен жабдықтауда, су бұруда, қалдықтарды жинап, өңдеуде және жоюда, сондай-ақ ластанудың салдарын жоюда 22,8% өсті. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс – 10,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және қалыпқа келтірілген ауамен жабдықтауда 0,4% төмендеді.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы 

Әлеуметтік нан пісіру үшін нан пісіру кәсіпорындарына арналған ұн бағасы - 100 теңге/кг

  1. Күріш - 425 тг/кг
  2. Макарон өнімі - 260 тг/кг
  3. Сары май - 3 500 тг/кг
  4. Тауық еті - 1000 тг/кг
  5. Сиыр еті - 2 100 тг/кг
  6.  Картоп - 178 тг/кг
  7. Сәбіз - 180 тг/кг
  8. Қырыққабат - 110 тг/кг

Білім саласы

Қостанай облысында 6 жоғары оқу орыны бар, 33 колледж жұмыс істейді. Мектептер саны – 433, қосымша білім беру мекемелері — 47. Облыста мектепке дейінгі білім беру саласында 177 балабақша, сондай-ақ 335 шағын орталық жұмыс істейді.

Туризм

Туристер өңірге бұрынғыдан аз келгенімен, көп ақша қалдыратын болған. Мәселен, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша орналастыру орындары 607 млн теңгеге қызмет көрсеткен, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 11,4% көп. Облысқа 41,8 мың ел азаматы келген, 2023 жылғы қаңтар-наурызда 43,1 мың саяхатшы болған еді. Ал шетелдік турист – 2,4 мың адам.