Қостанай облысының судьялар құрамы жаңа кадрлармен толықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облыстық сотында жалпы отырыс өтіп, онда сот төрағасы Алмат Ерманов облыстың сот жүйесіне жаңадан тағайындалған судьяларды таныстырды.

Фото: Freepik

2026 жылғы 9 маусымдағы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, Қостанай облыстық сотының судьясы қызметіне Мұрат Найманов тағайындалды. Ол бұған дейін мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы болған. Мұрат Найманов Қарағанды жоғары ІІМ мектебін тәмамдаған және сот жүйесінде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Жангелдин аудандық сотының төрағасы лауазымына Абылай Қожақов тағайындалды. Оның сот жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жылдан асады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен зейнеткерлікке шығуына байланысты Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы Батырбек Құдабаев пен Жітіқара аудандық сотының судьясы Бақтыбай Ысмұхамбетов қызметтерінен босатылды. Екеуінің де судьялық еңбек өтілі 20 жылдан асады.

Сондай-ақ отырыс барысында Қамысты аудандық сотының жаңадан тағайындалған судьясы Максим Гагарин ант қабылдады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сот жүйесіндегі ауқымды кадрлық өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды.