Қостанай облыстық әкімдігінде өңірдің көлік-коммуникация кешенінің дамуы мәселелері қаралды

None
АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімдігінде ҚР көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаевтың қатысумен кеңес өткізілді.

Кездесуде облыстың көлік -коммуникация кешенінің даму мәселелері қаралды. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады

Автомобиль жолдары жүйесінің дамуы жөнінде вице-министр жалпы облыс бойынша шамамен 267 км автожолдардың жөнделгендігін атап өтті, оның ішінде 62 кшақырымы - республикалық жүйе, ал 205 шақырымы - жергілікті маңызы бар жолдар. Келесі жылы бұл цифр 345 шақырымға жетеді деп күтілуде, оның 176 шақырымы -республикалық, ал 169 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар болмақ.

Айталық, республикалық маңызы бар жолдар бойынша «Қостанай қаласының айналымы» құрылысын салуды жалғастыру, «Қарабұтақ-Денисовка-Қостанай» автожолын күрделі жөндеуден өткізу, орташа жөндеумен 150 шақырымнан астам жолды қамту көзделген.

Жергілікті жолдарды дамытуға келер болсақ, 2014 жылы «Әулиекөл - Диевка - Акжол», «Ұзынкөл-Сарыкөл», «Қарасу - Большая Чураковка» автожолдарын жаңғырту жұмыстарын жалғастыру, «Қостанай - Введенка», «Жітіқара - Қамысты - Ливановка» автожолын орташа жөндеуден және «Арқалық-Торғай» автожолын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Мұның сыртында кеңеске қатысушылар облыста жол салудың жаңа технологияларын пайдалану мәселелерін талқылады. Мереке Пішембаев «Біз әкімдікке құрылыста жеңілдетілген құрылғыларды, жергілікті материалдарды пайдалануды ұсындық. Бұл өз алдына құрылыстың құнын едәуір азайтып, жөндеу жұмысымен неғұрлым көбірек жолды қамтуға мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Бұнымен қоса әкімдікке мердігерлік ұйымдардың келісім-шартпен белгіленген міндеттерін уақытылы және сапалы орындап отыруына бақылауды күшейту, сол сияқты техникалық және авторлық қадағалауға баса назар аудару жөнінде тапсырылды.

Кеңесте сонымен бірге өңірдің теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де талқыланды. Айталық, 2013 жылы Қостанай облысындағы 14 теміржол вокзалының 7-інде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы тағы 4 вокзал жөндеуден өткізіледі.

Бұдан тыс, ҚР көлік инфрақұрылымын дамыту туралы 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес облыста жаңадан 2 автостанса, жолаушыларға қызмет көрсететін 9 бекет және 16 такси тұрағын салу жоспарланған.

Соның арасында көліктік бақылау саласында 2013 жылы Қостанай облысында 2 автоматтандырылған салмақ өлшеу жүйесі іске қосылған болатын. Олар автокөлік құралдарын қозғалыс барысында өлшеп, жолдың бұзылуына зиянын тигізбеуге мүмкіндік береді.