Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әріптестер, Қостанай облысындағы орман өртіне байланысты төтенше жағдайдың жариялануына орай Қостанай облысы әкімдігі жанынан Ақпараттық штаб құрылғанын сіздерге хабарлағым келеді.
Штабтың жұмысын Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғәуез Нұрмұхамбетов басқарады. Құрамына Төтенше жағдайлар департаментінің, Ішкі істер департаментінің, Прокуратураның және Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ жұмысқа тартылған өзге де мемлекеттік органдар кірді.
Ақпараттық штаб жұмысының мақсаты аймақтағы жағдай туралы жедел және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл үшін штаб өрт сөндіруге, адамдарды құтқару мен эвакуациялауға, зардап шеккендерді жаңа орындарға орналастыруға, құқықтық тәртіпті және азаматтардың мүлкін сақтауды қамтамасыз етуге тартылған мемлекеттік органдардан келіп түсетін ақпаратты үйлестіру өкілеттігіне ие»,-деп жазды директор.
Оның хабарлаынша, ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметі Қостанай облысы Ақпараттық штабына толықтай көмек көрсетуде, оның ішінде әдістемелік қолдау да берілуде.
Штаб Қостанай облысы бойынша төтенше жағдай кезеңінде және жағдай толық тұрақталғанға дейін жұмыс істейді.
БАҚ өкілдері жедел ақпаратты Ақпараттық штабқа хабарласу арқылы ала алады, жауапты қызметкердің ұялы нөмірі 8 (777) 796 00 50.