Қостанай облысы асыл тұқымды ірі қараның санын 20 пайызға жеткізуді көздейді

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2015 жылға қарай Қостанай облысы асыл тұқымды малдың санын 20 пайызға дейін жеткізе алады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов мәлім етті.

Әкім хабарлағандай, соңғы үш жылдың ішінде облысқа 10 мыңнан астам асыл тұқымды мал жеткізілді. «Мәселен, өткен жылы 6,2 мың бас сиыр әкелінсе, ағымдағы жылда 2 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара шетелден жеткізілді. Ет эспортын ұлғайтудың тағы бір жолы - «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы. Оның аясында 11 мыңнан астам мал сатып алынды. Ал қазіргі көрсеткіштер сақтала берсе, 2015 жылға қарай облыстың ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері 24 мыңнан астам мал басын ала алады. Соның арқасында асыл тұқымды ірі қараның саны 7 пайыздан 20 пайызға дейін өседі», - дейді Н.Сәдуақасов.