Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде облыстың 260,7 мың тұрғыны спортпен шұғылданады. Бұл 29,7%-ға тең. Айта кетейік, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуының республикалық көрсеткіші - 28,0%.
«Тұрғындардың спортқа ден қоюы әр өңірде ашылған спорт секцияларының сапасына байланысты. 2018 жылы облыс бойынша 7 672 дана спорт үйірмесі тіркелді. Мұнда барлығы спорттың 132 түрі қамтылған. Ауылдық жерлерде 5000-ға жуық спорт үйірмесі жұмыс істейді», - деді Е. Вильямс өз баяндамасында.
Биыл облыс орталығынан шалғай ауылдарда 75 мың адам дене тәрбиесіне ден қойған. Жыл басынан бері өңірлерде 14 жаңа спорт ұжымдары құрылды.
Е. Вильямс айтқандай, аймақта спорт саласындағы селекциялық жұмыстар бір ізге қойылған. Мәселен, облыста балалар мен жасөспірімдердің 36 клубы тұрақты жұмыс істейді. Былтыр Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында балалардың спорт орталығы құрылды.
«2016-2017 жылдары қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен мемлекеттік спорт нысандарын пайдалану туралы келісім жасадық. Соған байланысты, 12 жасқа дейінгі балалар дене шынықтыру үйірмелеріне тегін бара алады. Мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қарастырылған», - дейді басқарма басшысы.