Қостанай облысында 12 адам қар құрсауынан шығарылды
19:52, 17 Ақпан 2020
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында қар астында қалып қойған бірнеше адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін түнгі сағат 00:30-да Арқалық қаласының құтқару бөлімшесінің қызметкерлері жүріп өту мүмкіндігі жоғары «Трэкол» көлігімен қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарды.
«Көктау ауылынан 15 шақырым қашықтықта қалып қойған 2 жеңіл автокөлік тасжолдың тазартылған бөлігіне сүйреп шығарылды. Екі көліктің ішінде 7 адам болған. Оның екеуі – сәби. 16 ақпан күні сағат 03:15-те облыстық маңыз бар «Арқалық-Торғай» тасжолының 29-шақырымында қарға батып қалған тағы бір жеңіл көлік жолаушылары құтқарылды. Оның ішінде бес адам болған», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.