Қостанай облысында 2336 үйді су басуы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін жедел штаб құрылды, хабарлайды ҚазАқпарат

Облыстық ТЖД бастығы Талғат Кәкімов тасқын суға қарсы жағдайды толық бақылауда ұстау үшін жедел штаб құрылғанын айтты. Арнайы топ 24 наурыздан бастап іске кірісті. Қызметкерлер алдымен Арқалық қаласы, Әулиекөл, Науырзым, Қарасу, Қостанай, Сарыкөл, Ұзынкөл және Мендіқара аудандарына жіберіледі. Бұған қоса тасқыны қаупі бар гидротехникалық құрылыстарды бақылау бойынша кезекшілік ұйымдастырылды. 

«Облыс аумағында 100 елді мекенді немесе 8277 тұрғыны бар 2336 үйді су басуы мүмкін. Сондай-ақ, 46 республикалық, 50 облыстық маңызға ие автокөлік жолдарын су шайып кету қаупі бар. Электр тарату желісінің 17 учаскесі де қауіп алдында тұр. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе су басуы мүмкін алқаптардағы осал аймақтар анықталып, тұрақты бақылауға алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қауіпті елді мекендерде тұратын жүкті әйелдерді есепке алды», - деді департамент басшысы.

Бүгінде су басу аймағынан эвакуацияланған азаматтарды уақытша орналастыруға 152 нысан дайындап. Оның ішінде жатақхана, қонақ үй, білім нысандары бар. Одан басқа 3 мың 248 кереует, 6 мың 67 төсек орын жиынтығы және 5 мың 798 тонна азық-түлік қарастырылған. Тасқын суға қарсы қимылға 2474 адам және 615 техника тартылады. Су басуы мүмкін аймақтарда 488 инженерлік техника, 221 жүк көлігі, 137 автобус, 83 жүзу құралы, 245 суды сорғытып алатын арнайы техника дайын тұр.

«20 наурыздағы мәлімет бойынша облыстың елді мекендерінен 614,6 мың куб метр қар шығарылды. 10 сәуірге дейін 15 учаскеде мұз жару жұмыстары жоспарланды. Су тасқыны жағдайын бағалау үшін 28 наурызда облыстың оңтүстік аймақтарын ұшақпен қарап шығамыз. Су тасқыны жағдайы туралы ақпараттармен алмасу үшін Челябі және Орынбор облыстарымен байланыс орнаттық», - деді Т.Кәкімов.

«Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Лариса Кузьминаның мәліметінше, облыста қыстай жауған қардағы су қоры былтырғының 40% ғана құрайды. Ал су қоймаларындағы су оның 68% толтырып тұр, 449 млн текше метр су сиятын орын бар.