Қостанай облысында 300-ден астам күдікті рақымшылыққа ілігеді
Олардың арасында - кәмелет жасқа толмағандар, жеңіл және орташа қылмыстық әрекет бойынша күдікті болғандар бар. Бұл туралы Қостанай облысы ІІД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Нуридин Дауылбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Дауылбаевтың айтуынша, «рақымшылық негізінен әлеуметтік тұрғыда әлсіз топ азаматтарын, кәмелетке жасқа толмағандарды, жүкті әйелдерді және кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерді, қарттарды, мүгедектерді және ұсақ қылмыс жасағандарды қылмыстық жазадан босатуды көздейді».
Сонымен бірге Дауылбаев атап өткендей, заң аса ауыр қылмыс жасаған тұлғаларға рақымшылық жасауға тыйым салады.
«Бұл криминалдық жағдайдың қиындау қаупін сейілтеді», - деп санайды Қостанай облыстық ІІД басшысының орынбасары. Бес жыл бұрын, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, өңірде 908 адам рақымшылықпен босатылған еді.