Қостанай облысында 53 адам мектеп асханасынан ас ішіп, уланып қалды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында мектеп асханасынан тамақ ішкен 53 адам уланып қалды, деп облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап radiotochka.kz хабарлады.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, 16 қыркүйекте Ұзынкөл №1 орта мектебінде асханада тамақ ішкен 53 адам өздерін нашар сезінгендіктен, Ұзынкөл кентіндегі ауруханаға жүгінген.

Атап айтқанда, 47 бала және мектепте жұмыс істейтін 6 оқытушы зардап шеккен. Олардың ішінде 17 бала мен 2 ересек адам тексеруден кейін жағдайының жақсаруына байланысты үйлеріне қайтарылды.

«Улану салдарынан Қостанай қалалық инфекциялық ауруханасына 11 бала, Ұзынкөл аудандық ауруханасына 23 адам жатқызылды, олардың 19-ы балалар, 4-еуі ересек адамдар», - делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.